09.11.2026
Өзгеге қол ұшын созуды игі дәстүрге айналдырған ұжымдар бар. Солардың бірі — «Өскемен ГЭС» ЖШС ұжымы.
Өскемен ГЭС-інде кезекті Донор күні ұйымдастырылды. Бұл шара көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге ниетті қызметкерлердің басын қосты.
Акцияға 40-тан астам қызметкер қатысып, қан тапсырды. Олардың әрқайсысы қан компоненттерін құюды қажет ететін науқастардың өмірін сақтап қалуға өз үлесін қосты. Өйткені әрбір донация — науқастардың сауығып кетуіне берілген тағы бір мүмкіндік.
Бұл бастаманың жылдар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрге айналғаны ерекше қуантады. Әр тоқсан сайын ГЭС қызметкерлері өз бастамаларымен Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығының көшпелі бригадасын шақырып, донорлық акция ұйымдастырады. Осылайша олар жақсылық жасау үшін арнайы күнді немесе ерекше себепті күтудің қажеті жоқ екенін іс жүзінде көрсетіп келеді.
Мұндай жанашырлық пен жауапкершілік, адам өміріне деген құрмет жоғары бағалауға лайық.
Донорлық қозғалысты тұрақты қолдап, адам өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүргені үшін «Өскемен ГЭС» ЖШС басшылығы мен ұжымына шын жүректен алғыс білдіреміз!
Сіздер тапсырған қан — бір адамға өмір сыйлайтын мүмкіндік, екіншісіне сауығуға деген үміт, ал тағы біріне жарқын болашаққа жасалған қадам!